
2025. Таныстырмалы экскурсия "АСТАНА-ЭНЕРГИЯ" ЖЭО
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында, 2025 жылдың 12 ақпанында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «6В05208 - Экология және табиғат пайдалану» мамандығының 3-курс студенттері «Астана-Энергия» АҚ-ның ЖЭО-2 нысанына барып, қоршаған ортаны қорғау бөлімі , турбина және химия цехтарының жұмысы бойынша таныстыру экскурсиясына қатысты.
Экскурсияның мақсаты – студент-экологтарды энергетикалық инфрақұрылым нысандарының жұмыс істеу ерекшеліктерімен және олардың қоршаған ортаға әсерімен жан-жақты таныстыру. Экскурсия барысында студенттер қоршаған ортаны қорғау бөліміне барып, кәсіпорындағы экология маманының қызметімен танысты, экологиялық зерттеулер мен талдаулар жүргізу бойынша практикалық дағдыларды меңгерді. Сондай-ақ, студенттер қоршаған ортаның ластануына бақылау және оны азайту әдістерімен танысып, мониторинг бағдарламаларының қалай жүзеге асырылатынын және кәсіпорында қолданылатын технологиялардың экологиялық жүктемені төмендету тиімділігін бағалады.
Котлоагрегаттар мен басқа да құрылғылардың, атмосфераға зиянды заттарды шығаратын негізгі көздердің жұмысын түсінуге ерекше назар аударылды. Студенттер өндірістік экологиялық бақылауда маңызды рөл атқаратын жабдықтар мен құрылғыларды тәжірибе жүзінде зерттеді, сондай-ақ ластаушы заттардың шығарылуын басқару механизмдері туралы мәлімет алды. Сонымен қатар, олар кәсіпорын қызметінің заңнамалық талаптар мен стандарттарға сәйкестігін бағалау әдістерімен танысып, экологиялық залалды азайту үшін қандай шаралар қабылданатынын түсінді.
Экскурсияның нәтижесінде студенттер өздерінің болашақ кәсіби қызметінде пайдалы болатын маңызды теориялық білімдер мен практикалық дағдыларға ие болды.








