
6В05301 - «Қолданбалы химия» білім беру бағдарламасының 3-курс студенті Бақытов Сулеймен «CYCLELAB: Болашақ экологиясы» республикалық байқауында II жүлделі орынға ие болды







2026 жылғы 14 сәуірде Астана қаласында «CYCLELAB: Болашақ экологиясы» студенттік жобалар республикалық байқауы жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
Аталған байқау Қазақстанның қайталама шикізатты қайта өңдеушілер қауымдастығы мен «Жасыл даму» АҚ ұйымдастыруымен, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Тұрақты даму орталығының бірлескен ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өткізілді. Бас демеуші - Банк ЦентрКредит.
Іс-шараның құрметті қонағы Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Шияпович Әлиев болып, жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне қатысты.
Байқауға Астана, Ақмола және Қарағанды облыстарынан 16–30 жас аралығындағы колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Қатысушылар алты негізгі бағыт бойынша жобаларын ұсынды: қалдықтарды қайта өңдеу, бөлек жинау жүйелері, экологиялық дизайн, цифрлық шешімдер және экологиялық ағарту.
Байқау қорытындысы бойынша Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 6В05301 - «Қолданбалы химия» білім беру бағдарламасының 3-курс студенті Бақытов Сулеймен II орынға ие болды.
Ол болашақ энергетикасына арналған функционалды көміртекті материалдар алу мақсатында ПЭТ-пластикті қайта өңдеуге бағытталған «DualValue Carbon» ғылыми-инновациялық жобасын ұсынды.
Жобаның мәні:
- ПЭТ-тен кеуекті көміртек алу (PET → C);
- селенмен модификациялау (Se/C);
- натрий-селен аккумуляторларында қолдану (Na–Se).
Ұсынылған технология пластик қалдықтарын жаңа буындағы энергия сақтау жүйелеріне арналған жоғары тиімді материалдарға айналдыруға мүмкіндік береді, бұл батареялардың экологиялық қауіпсіздігі мен тиімділігін арттырады.
Жүлделі орын үшін студент 600 000 теңге көлеміндегі сертификатпен және дипломмен марапатталды.
Жобаның ғылыми жетекшілері:
- Ташенов Ерболат Ордабекұлы — PhD докторы, химия кафедрасының доценті м.а.;
- Исатаев Нұрболат Ордабекұлы — PhD докторы, Йокогама ұлттық университетінің (Жапония) зерттеуші ассистент-профессоры.
«Жасыл даму» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Қабдолданов атап өткендей, мұндай бастамалар жастардың экологиялық ойлауын қалыптастырып, Қазақстанда «жасыл» экономиканың дамуына ықпал етеді.
«CYCLELAB: Болашақ экологиясы» байқауы жас зерттеушілерді қолдау және тұрақты даму саласындағы инновациялық шешімдерді енгізу үшін маңызды алаңға айналды.
Сулеймен Бақытовқа алдағы уақытта табыс, жаңа ғылыми жетістіктер және инновациялық жобаларды табысты жүзеге асыруына тілектеспіз!
