
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-да Мырза Ұлықбек атындағы Өзбекстан ұлттық университеті профессорының шеберлік сабағы өтті

2026 жылғы 25 қарашада Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Жаратылыстану ғылымдары институтында Мырза Ұлықбек атындағы Өзбекстан ұлттық университетінің гидрология және климатология кафедрасының профессоры Бахтиер Ембергенұлы Аденбаев «Арал теңізінің тартылу салдары: экологиялық, гидрологиялық, климаттық және әлеуметтік-экономикалық мәселелер» тақырыбында шеберлік сабағын өткізді.
Іс-шараға Мансап және бизнес-серіктестік бөлімінің өкілдері У.К. Килибаева мен К.К. Мавсунбаева, сондай-ақ 6В05210 «Гидрология» білім беру бағдарламасының білім алушылары қатысты.
Шеберлік сабағы барысында Арал теңізінің тартылуының экологиялық, гидрологиялық және климаттық салдары, сондай-ақ Арал маңы өңірінің әлеуметтік-экономикалық мәселелері қарастырылды. Өңірдің су режимінің өзгеруіне, экологиялық дағдарыстың табиғи жүйелер мен халықтың тіршілік әрекетіне әсеріне ерекше назар аударылды.
Шеберлік сабағы ғылыми-практикалық тәжірибе алмасуға, гидрология мен климатологияның өзекті мәселелерін талқылауға, сондай-ақ болашақ мамандардың кәсіби білімін кеңейтуге мүмкіндік берді.
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-ға жұмыс сапары аясында профессор Б. Аденбаевты академиялық мәселелер жөніндегі проректор А.Б. Бейсенбай және Жаратылыстану ғылымдары институтының директоры Ж.Г. Берденов қабылдады. Кездесулер барысында жоғары оқу орындары арасындағы серіктестікті дамыту, академиялық ұтқырлық, 6В05210 «Гидрология» білім беру бағдарламасының білім алушыларының Мырза Ұлықбек атындағы Өзбекстан ұлттық университеті базасында көшпелі өндірістік практикадан өтуін ұйымдастыру, сондай-ақ бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын іске асыру перспективалары талқыланды.
Сонымен қатар, профессор Б. Аденбаев университетте ұйымдастырылған бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысты.
Шетелдік профессордың жұмыс сапары халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайтуға, білім алушылардың кәсіби даярлық мүмкіндіктерін кеңейтуге және Қазақстан мен Өзбекстан университеттері арасындағы ғылыми-білім беру байланыстарын дамытуға ықпал етті.
