
Химия кафедрасының оқытушылары Бұхара мемлекеттік университетінде болды

2026 жылғы 16 қарашада бағдарламалық-нысаналы жоба шеңберінде, сондай-ақ Орталық Азия елдері арасында тәжірибе алмасу және университетаралық ынтымақтастықты дамыту мақсатында химия кафедрасының оқытушылары Бұхара мемлекеттік университетінде (Өзбекстан Республикасы, Бұхара қ.) болды.
Кездесу барысында химия кафедрасының меңгерушісі Э.Е. Копишев әріптестеріне университеттің қызметін, құрылымы мен миссиясын таныстырып, ғылыми-білім беру байланыстарын нығайтудың және Қазақстан мен Өзбекстан университеттері арасындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытудың маңызын атап өтті. Жоба жетекшісі Г.Ж. Сейтенова кездесу қатысушыларын жобаның негізгі бағыттарымен, қол жеткізілген нәтижелермен және алға қойылған міндеттерді одан әрі іске асыру перспективаларымен таныстырды.
Бұхара мемлекеттік университеті тарапынан кездесу қатысушыларына факультеттің профессор-оқытушылар құрамы, білім беру және ғылыми қызметі, сондай-ақ материалдық-техникалық базасы туралы ақпарат ұсынылды. Сапар аясында оқытушылар Жаратылыстану ғылымдары және агроинновациялар ғылыми-зерттеу институтының студенттері мен магистранттарының оқу сабақтарына қатысты.
Сапар қорытындысы бойынша Орталық Азия елдері университеттері арасындағы серіктестік байланыстарды дамытуға және нығайтуға бағытталған халықаралық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою жөнінде келісімге қол жеткізілді. Аталған келісім академиялық өзара іс-қимылды кеңейтуге, тәжірибе алмасуға, бірлескен білім беру және ғылыми бастамаларды іске асыруға, сондай-ақ өңір жоғары оқу орындары арасындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға негіз болады.
