
Шетелдік профессормен халықаралық тәжірибе алмасу

Шетелдік профессордың дәрістері мен ғылыми семинары: «Қоршаған ортаны қорғау саласындағы басқару және инжиниринг» кафедрасында халықаралық тәжірибе алмасу сәтті аяқталды
2026 жылдың 12 қазаны мен 11 қарашасы аралығында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Жаратылыстану ғылымдары институтына қарасты «Қоршаған ортаны қорғау саласындағы басқару және инжиниринг» кафедрасына арнайы шақыртумен Түркияның жетекші ғалымы, Ондокуз Майыс университетінің (Ondokuz Mayıs University) Сәулет факультетінің деканы, профессор, доктор Мехмет Четин (Prof. Dr. Mehmet Çetin) келді.
Профессор Мехмет Четин — экология және қала құрылысы саласындағы әлемдік деңгейде танымал ғалым. Оның ғылыми-метрикалық көрсеткіштері өте жоғары: Хирш индексі (h-index) Google Scholar базасында — 79, Web of Science бойынша — 62, ал Scopus базасында — 60. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері ландшафттық экология, қалалық экожүйелерді қорғау, атмосфералық ауа сапасын биомониторинг арқылы бақылау және экологиялық зерттеулерде ГАЖ (GIS) технологияларын тиімді пайдалану бағыттарына арналған. Сонымен қатар, профессор кафедра докторанттарының шетелдік ғылыми кеңесшісі ретінде жас зерттеушілердің диссертациялық жұмыстарына жетекшілік етуде.
Бір айлық академиялық сапар аясында шетелдік профессор «7M05206 – Қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану» білім беру бағдарламасының 1-курс магистранттарына арналған «Экожүйелерді бағалаудың геоақпараттық әдістері» пәні бойынша сабақ жүргізіп, қорытынды емтихан қабылдады.
Сапар барысында жас ғалымдар мен докторанттарға арналған «Климаттың өзгеруі және қалалық аумақтарды экологиялық жоспарлау» (Climate Change and Environmental Planning of Urban Areas) тақырыбында оқыту семинары ұйымдастырылды. Іс-шараға «8D05208 – Экология және табиғатты пайдалану» білім беру бағдарламасының докторанттары, «7M05206 – Қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану» бағдарламасының магистранттары және университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы қатысты.
Жоғары ғылыми әлеуетке ие шетелдік ғалымның дәрістері мен семинары білім алушылардың кәсіби біліктілігін арттыруға, ғылыми зерттеулердің сапасын жақсартуға және кафедраның халықаралық академиялық байланыстарын нығайтуға зор үлес қосты.
