
Гидрология білім алушылары арасында «Кітап оқитын ұлт» акциясы ай сайын өткізіледі

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Физикалық және экономикалық география кафедрасында «Кітап оқитын ұлт» әдеби-танымдық акциясы ай сайын өткізіледі. Акцияны Физикалық және экономикалық география кафедрасының қауымдастырылған профессорының м.а., PhD Манира Амангелдіқызы Алагуджаева ұйымдастырады. Оған 6B05210 – Гидрология білім беру бағдарламасының 3 және 4-курс білім алушылары қатысады.
Бұл бастама Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін дамыту және жастардың көркем әдебиетке қызығушылығын арттыру жөніндегі тапсырмаларымен үндеседі. Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 16 мамырдағы №1279 Жарлығында кітап оқу мәдениетін дамыту мен зерделі ұлт қалыптастыру мемлекеттік саясаттың басым бағыттары ретінде белгіленген.
Акция аясында білім алушылар ай сайын бір әдеби шығарманы таңдап оқиды. Ай соңында оқылған кітапты талқылауға арналған ашық пікірталас өтеді. Қатысушылар шығарманың мазмұнын талдап, кейіпкерлердің іс-әрекетіне баға береді, адамгершілік және философиялық мәселелер туралы ой бөліседі. Сондай-ақ өз әсерлерін ортаға салып, пікірлерін дәлелдеуге үйренеді.
Әр кездесуде шығарманы мұқият оқып, мазмұнын терең түсінген білім алушыларды анықтау үшін зияткерлік байқау ұйымдастырылады. Байқау жеңімпаздары сыйлықтармен марапатталады. Бұл тәсіл білім алушылардың кітап оқуға ынтасын арттырып, шығарманы терең талдауға қызығушылығын күшейтуді көздейді.
Болашақ гидрологтарды даярлау тек кәсіби пәндерді меңгертумен шектелмейді. Көркем әдебиет оқу білім алушылардың сыни ойлау қабілетін дамытып, дүниетанымын кеңейтеді, сөйлеу мәдениетін жетілдіреді және өз көзқарасын дәлелді жеткізу дағдысын қалыптастырады.
«Кітап оқитын ұлт» акциясы кәсіби білімі терең, ой-өрісі кең, рухани бай әрі өз пікірін еркін жеткізе алатын жас мамандарды тәрбиелеуге бағытталған.
