
Белград университетінің профессоры Александар Вальяревич ғылыми семинар өткізді

2026 жылғы 28 қазанда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Физикалық және экономикалық география кафедрасында Сербияның Белград университеті География факультетінің профессоры, PhD Александар Вальяревичтің (Prof. Aleksandar Valjarević) қатысуымен ғылыми семинар өтті.
Семинар барысында профессор «Экологиялық тепе-теңдіктен шалғай аумақтардағы туризмге дейін: Сербияның туристік әлеуетін ГАЖ және экологиялық тепе-теңдік индексі (EEI) негізінде бағалау» тақырыбында баяндама жасады.
Баяндамада географиялық ақпараттық жүйелер мен Жерді қашықтан зондтау деректерін пайдаланып, аумақтардың экологиялық жағдайын бағалау және табиғатқа түсетін жүктемесі төмен туризмді дамыту мүмкіндіктерін анықтау әдістері қарастырылды. Профессор экологиялық тепе-теңдік индексін (EEI) есептеу тәсілдерін, жер жамылғысы мен өзен желісінің ерекшеліктерін, антропогендік жүктемені және туристік инфрақұрылымға қолжетімділікті ескере отырып жүргізілетін кеңістіктік талдау нәтижелерін таныстырды.
Сербияның Тара–Дрина, Увац–Златар, Стара-Планина және басқа да табиғи аумақтары мысалында экологиялық тепе-теңдікті сақтай отырып, тұрақты туризмді дамыту жолдары қарастырылды. Табиғи ресурстарды қорғау, туристік жүктемені шектеу және жергілікті қауымдастықтардың мүдделерін ескеру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Семинар географиялық зерттеулерде ГАЖ технологияларын қолдану тәжірибесімен танысуға және экологиялық бағалау нәтижелерін аумақтық жоспарлау мен тұрақты туризмді дамытуда пайдалану мәселелерін талқылауға арналды.
