
Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою жолындағы халықаралық ынтымақтастық: ашық тәрбие сағаты

2026 жылдың 27 қазанында «Жалпы биология және геномика» кафедрасында В050-5107–26-01 тобының білім алушылары мен топ кураторы Сулейменова Айнаш Елеусизовнаның ұйымдастыруымен «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою жолындағы халықаралық ынтымақтастық» тақырыбында ашық тәрбие сағаты өтті.
Іс-шараның мақсаты: Білім алушылардың әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, адам құқықтары мен гендерлік теңдікті сақтау туралы түсінігін қалыптастыру, зорлық-зомбылықтың қоғамға тигізетін зардаптарын түсіндіру, осы бағыттағы халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын ашып көрсету, сондай-ақ жастардың құқықтық сауаттылығы мен азаматтық жауапкершілігін арттыру.
Іс-шараның барысы: Тәрбие сағаты ақпараттық-түсіндіру, тақырыптық презентация көрсету, өзекті мәселелерді талдау және ашық пікір алмасу форматында өткізілді.
Кездесу барысында білім алушыларға әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың түрлері, оның жеке тұлғаға және жалпы қоғамға тигізетін зардаптары түсіндіріліп, құқық бұзушылықтың алдын алу мен оған қарсы күресу шаралары қаралды. Сонымен қатар әйелдердің құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған халықаралық құжаттар мен өзара іс-қимыл тетіктері таныстырылды. Атап айтқанда, Біріккен Ұлттар Ұйымының зорлық-зомбылықты жою бағытындағы қызметі, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және адам құқықтарын қорғау саласындағы ғаламдық бастамаларға шолу жасалды.
Талқылау кезінде студенттер зорлық-зомбылықтың алдын алу жолдары бойынша өз ойларын ортаға салып, қоғамда өзара құрмет, теңдік және қауіпсіз орта қалыптастыру мәселелерін сөз етті. Құқық бұзушылық жағдайларына бейжай қарамау, уақтылы көмекке жүгіну тетіктері және әрбір адамның қадір-қасиетін құрметтеу қажеттілігіне баса назар аударылды.
Өткізілген ашық тәрбие сағаты білім алушылардың құқықтық мәдениетін көтеруге, гендерлік теңдік қағидаттарын тереңірек түсінуге және зорлық-зомбылықтан ада қоғам құруға деген азаматтық ұстанымын нығайтуға ықпал етті. Іс-шара қойылған мақсаттарына толық жетті.
