
Әділбектегі Гүлмира Әділбекқызы Берлин Гумбольдт университетінің Humboldt-Innovation GmbH базасында «Экология, қоршаған орта және табиғатты тиімді пайдалану» бағыты бойынша Германияда ғылыми тағылымдамадан өтті.

Тағылымдама шеңберінде тұрақты даму, жаңартылатын энергетика, энергетикалық жүйелерде жасанды интеллектті қолдану және экологиялық деректерді кеңістіктік талдауға арналған Python бағдарламалау курстарын қамтитын жеке жоспар толық орындалды. Ғылыми-зерттеу жұмысы теориялық материалдарды жүйелеуді, сондай-ақ фитотрондық кешендердің жұмысын зерттеу үшін Литвадағы Витаутас Магнус университетіне академикалық сапарды қамтыды. Бұдан бөлек, стипендиат бірқатар халықаралық ғылыми-практикалық іс-шаралар мен кәсіби кездесулерге, соның ішінде Гамбургтегі EY Roadshow, Берлиндегі ISCJEE-2026 климаттық әділдік жөніндегі халықаралық гибридті симпозиум, World Field Berlin, Transferale алаңдарына, сондай-ақ қалалық экология, климаттық тұрақтылық және гранттық қаржыландыру мәселелері бойынша WBGU, ANK және MDPI сараптамалық семинарлары мен вебинарларына қатысты. Жұмыстың негізгі нәтижелері ретінде агроландшафтарды бағалау мен биоэнергетикалық талдаудың инновациялық әдістемелеріне екі авторлық куәлік (№ 75505 және № 77404) алынды, Венадағы Modern Scientific Method халықаралық конференциясында мақала жарияланды, «Journal of Ecology and Sustainability» журналында ғылыми мақала жарық көрді, сонымен қатар Scopus (Q2) базасына кіретін журналға үшінші мақала жіберілді. Тағылымдаманың қорытындысы бойынша Қазақстанда жер пайдалануды оңтайландыру және Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың оқу пәндерін жаңарту бойынша практикалық ұсыныстар әзірленді.
