
Физикалық және экономикалық география кафедрасының 2-курс магистранттарына кіріспе конференция өтті

2026 жылғы 3 қыркүйекте сағат 10:00-де Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Жаратылыстану ғылымдары институтының Физикалық және экономикалық география кафедрасында 2-курс магистранттарына арналған кіріспе конференция өтті. Іс-шара ЦИСИ корпусының 433-кабинетінде ұйымдастырылды.
Конференцияға қысқы және жазғы қабылдау бойынша 2-курс магистранттары, сондай-ақ олардың ғылыми жетекшілері қатысты. Қысқы қабылдау магистранттарына зерттеу практикасы, ал жазғы қабылдау магистранттарына педагогикалық практика және ғылыми тағылымдамаға дайындық мәселелері түсіндірілді.
Кіріспе және түсіндіру сөзін Физикалық және экономикалық география кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор, философия докторы Егинбаева Айгүл Есенгалиевна сөйледі. Ол магистранттарға жаңа оқу жылындағы академиялық және ғылыми міндеттерді жүйелі жоспарлаудың маңызын атап өтті.
Зерттеу және педагогикалық практиканы ұйымдастыру, өту тәртібі мен негізгі талаптары бойынша биология ғылымдарының кандидаты, доцент Инкарова Жанслу Ишановна түсіндірме ақпарат берді. Практикалардың кезеңдері, орындалатын жұмыстардың мазмұны, есеп құжаттарын дайындау және бекітілген кестені сақтау мәселелері қарастырылды.
Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бойынша эдвайзер, қауымдастырылған профессор м.а., философия докторы Токсанбаева Сабина Турсыновна ғылыми тағылымдамаға дайындық ерекшеліктері мен Smart ENU жүйесінде жұмыс істеу алгоритмін түсіндірді. Конференция барысында магистранттар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, қажетті жауап алды.
Кіріспе конференция магистранттардың зерттеу және педагогикалық практикаларын, ғылыми тағылымдамасын жүйелі ұйымдастыруға бағытталды. Мұндай кездесулер білім алушылардың оқу үдерісіне бейімделуіне, ғылыми жұмысты жоспарлауына және кәсіби даму бағытын нақтылауына ықпал етеді.
