
Физикалық және экономикалық география кафедрасында 1-курс магистранттары мен докторанттарына арналған түсіндіру кездесуі өтті

2026 жылғы 1 қыркүйекте Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Жаратылыстану ғылымдары институтының Физикалық және экономикалық география кафедрасында 1-курс магистранттары мен докторанттарына арналған түсіндіру кездесуі өтті. Іс-шара ЦИСИ корпусының 333-кабинетіндегі конференц-залда ұйымдастырылды.
Биыл Физикалық және экономикалық география кафедрасына 44 магистрант және 8 докторант қабылданды. Бұл кафедра тарихындағы 1-курсқа қабылданған білім алушылар саны бойынша рекордтық көрсеткіш болды. Осыған байланысты жаңа оқу жылының басталуына арналған салтанатты жиыннан кейін жас ғалымдарға оқу үдерісі мен ғылыми жұмыстың негізгі бағыттарын түсіндіруге арналған кездесу өтті.
Кездесудің мақсаты – жаңа магистранттар мен докторанттарды кафедрамен, профессор-оқытушылар құрамымен, білім беру үдерісін ұйымдастыру тәртібімен, оқу ерекшеліктерімен, сондай-ақ ғылыми және академиялық қызметтің негізгі бағыттарымен таныстыру.
Кездесуде Физикалық және экономикалық география кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор, философия докторы Егинбаева Айгүл Есенгалиевна құттықтау сөз сөйлеп, білім алушыларды оқуға қабылдануымен және білім беру мен ғылыми қызметтің жаңа кезеңінің басталуымен құттықтады. Сонымен қатар қауымдастырылған профессор, философия докторы Рамазанова Нұргүл Есеновна ізгі тілегін білдіріп, магистранттар мен докторанттарға жаңа ортаға сәтті бейімделіп, оқу және ғылыми-зерттеу жұмысында жоғары нәтижеге жетуіне тілектестік білдірді.
Физикалық және экономикалық география кафедрасының жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бойынша эдвайзері, қауымдастырылған профессор м.а., философия докторы Токсанбаева Сабина Турсыновна магистратура мен докторантурада білім алуды реттейтін негізгі ереже мен талаптарды түсіндірді. Білім беру үдерісін ұйымдастыру, оқу және ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындау, академиялық талаптарды сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу барысында 1-курс білім алушылары ұйымдастырушылық және академиялық мәселелер бойынша қажетті ақпарат алды. Олар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, алдағы оқу және ғылыми жұмыстың негізгі бағыттарымен танысты. Мұндай кездесулер жаңа магистранттар мен докторанттардың кафедра өміріне бейімделуіне, ғылыми ортаға еркін қосылуына және кәсіби даму бағытын нақтылауына ықпал етеді.
