
6B05209 – География білім беру бағдарламасының білім алушылары «Тұмар» оқу-сауықтыру орталығында жазғы оқу практикасынан өтті

6B05209 – География білім беру бағдарламасының білім алушылары 2026 жылғы 1–7 маусым аралығында «Тұмар» оқу-сауықтыру орталығында жазғы оқу практикасынан өтті. Алғашқы күні жоспар-кестеге сәйкес жергілікті жерге рекогносцировка жасалды. Практика орталығына іргелес аумаққа экскурсия ұйымдастырылып, білім алушылар далалық жұмыстар өтетін негізгі нысандармен және зерттеу учаскелерімен танысты.
2 маусым күні білім алушылар жергілікті орман алқабында экспедициялық зерттеу жұмыстарын орындады. Экспедиция барысында олар Зеренді өңірінің табиғи жағдайымен, өсімдік жамылғысымен және табиғи ландшафттарымен танысты. Кешкі уақытта Зеренді көлінің жағалауы бойымен маршруттық бақылау жасалды. Бақылау барысында көл жағалауының кейбір бөліктерінде эрозиялық процестер байқалып, олардың жағалау бедерінің қалыптасуына әсері қарастырылды.
3 маусым күні нивелирлеу аспабының көмегімен жергілікті жер бедерінің салыстырмалы биіктіктерін анықтау жұмыстары орындалды. Практикалық зерттеу барысында теориялық білім тәжірибеде қолданылып, нивелирлеу әдістері меңгерілді. Жұмыс нәтижесінде зерттелген аумақтың жер бедері анықталып, салыстырмалы биіктік айырмашылықтары бағаланды.
4 маусым күні топырақ зерттеулері жүргізіліп, алдын ала таңдалған аумақта топырақ шурфы қазылды. Қазу барысында шамамен 39 см тереңдікте тас қабаты кездескені анықталды. Осыған байланысты шурфты одан әрі тереңдету мүмкін болмай, жұмыс аяқталды. Зерттеу барысында білім алушылар топырақтың әртүрлі қабатын бақылап, олардың морфологиялық ерекшеліктерімен танысты және практикалық дағдыларын жетілдірді.
5 маусым күні білім алушылар көзмөлшерлік нивелирлеу жұмыстарын орындады. Теориялық дайындықтың жеткілікті болуы жұмысты айтарлықтай қиындықсыз атқаруға көмектесті. Көзмөлшерлік нивелирлеу нәтижесінде зерттелген аумақтың жоспары жасалып, оның негізгі ерекшеліктері анықталды.
6 маусым күні білім алушылар Смольная шоқысына экскурсия жасады. Экскурсия барысында шоқының геологиялық құрылысы зерттеліп, оның интрузивті жыныстардан қалыптасқаны туралы мәлімет берілді. Сонымен қатар экзогендік үгілу процестерінің әсерінен пайда болған жарықшақтар қарастырылды. Шоқы құрамындағы жыныстардың батолиттік пішінге тән ерекшеліктері түсіндіріліп, олардың қалыптасу жолдары талқыланды.
Далалық тәжірибе бағдарламасы толық аяқталды. Жүргізілген зерттеулер мен практикалық жұмыстар қорытындыланып, білім алушылар практика барысында алған білімі мен дағдыларын жүйеледі. Жазғы оқу практикасы сәтті аяқталды.
