
Теориядан тәжірибеге: гидрология білім алушыларының өндірістік практикасы

2026 жылғы 18 мамыр мен 20 маусым аралығында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Жаратылыстану ғылымдары институты Физикалық және экономикалық география кафедрасының 6B05210 – Гидрология білім беру бағдарламасының 3-курс білім алушылары екі кезеңнен тұратын өндірістік практикадан өтті.
Практиканың бірінші кезеңі 2026 жылғы 18 мамыр мен 9 маусым аралығында «Қазгидромет» РМК базасында ұйымдастырылды. Практика басында білім алушылар кәсіпорынның құрылымымен, негізгі қызмет бағыттарымен, ішкі тәртіп ережелерімен және техника қауіпсіздігі талаптарымен танысты.
Практика барысында білім алушылардың жұмысы бірнеше бағыт пен топқа бөлінді. Бір топ гидрологиялық архивтік деректерді өңдеп, гидрологиялық жылнамалардан алынған мәліметтерді Microsoft Excel бағдарламасына енгізді, су деңгейі мен су шығыны бойынша кестелер құрастырды. Екінші топ өңделген деректер негізінде гидрографтар жасап, су ағынының уақыт бойынша өзгерісіне талдау жүргізді. Сонымен қатар білім алушылар «Қазгидромет» сайтындағы гидрологиялық бекеттердің ресми деректерімен жұмыс істеп, әрқайсысына бекітілген 10–12 бекет бойынша мәліметтерді өңдеп, жүйеледі. Топтың бір бөлігі GIS-картографиялау жұмыстарын орындап, Қазақстан облыстары бойынша гидрологиялық бекеттердің орналасу карталарын әкімшілік шекаралармен сәйкестендіріп жасады.
Практиканың екінші кезеңі 2026 жылғы 10–20 маусым аралығында Өзбекстан Республикасында, Мирзо Улугбек атындағы Өзбекстан ұлттық университеті базасында өтті. Техника қауіпсіздігі бойынша нұсқамадан кейін білім алушылар университеттің қызметімен, білім беру бағдарламаларымен және ғылыми-зерттеу бағыттарымен танысты.
Далалық кезең аясында Шарбақ су қоймасы мен Өгем өзені алабында гидрологиялық және метеорологиялық зерттеулер жүргізілді. Білім алушылар ағыс жылдамдығын, судың тереңдігін және су шығынын, сондай-ақ ауа температурасы, ылғалдылық, атмосфералық қысым, күн радиациясы және бұлттылық көрсеткіштерін өлшеп, табиғи жағдайда гидрометеорологиялық бақылау әдістерін меңгерді.
Практика барысында Өгем өзеніндегі каскадты гидроэлектр станциясына, Чимган метеорологиялық және қар көшкіні станциясына, сондай-ақ Шарбақ су қоймасына бару ұйымдастырылды. Чимган, Әмірсой және Қоңырбұқа таулы аймақтарына жасалған экскурсиялар кезінде білім алушылар аумақтың табиғи жағдайын, жер бедерінің ерекшеліктерін, гидрографиялық желісін және физикалық-географиялық сипаттамаларын зерттеді.
Сонымен қатар білім алушылар Орталық Азия қоршаған орта және климаттың өзгеруі бойынша зерттеу университеті (Green University) жанындағы ғылыми-зерттеу гидрометеорологиялық институтына және Өзбекстан Республикасы Су шаруашылығы министрлігі жанындағы Ирригация және су проблемалары ғылыми-зерттеу институтына барды. Кездесулер барысында мамандармен су ресурстарын басқару, гидрометеорологиялық мониторинг, ирригация және климаттың өзгеруіне бейімделу мәселелері талқыланды. Білім алушылар су шаруашылығы саласындағы заманауи зерттеулермен, зертханалық жабдықтармен және Орталық Азия елдеріндегі су ресурстарын дамыту бағыттарымен танысты.
Өндірістік практика теориялық білімді бекітуге, гидрологиялық және метеорологиялық бақылау жүргізу, деректерді өңдеу және талдау дағдыларын қалыптастыруға ықпал етті. Сонымен қатар білім алушылар Қазақстан мен Өзбекстанның гидрометеорологиялық қызметтері, ғылыми-зерттеу ұйымдары және су шаруашылығы мекемелерінің жұмысымен танысып, болашақ кәсіби қызметіне қажетті тәжірибе жинақтады.
