
Ботаника пәні бойынша оқу-далалық практикасы 2025–2026 оқу жылы

Биология ғылымдарының кандидаты, «Жалпы биология және геномика» кафедрасының доцент міндетін атқарушы Г.М. Атаева мен PhD докторы, доцент А.Д. Спанбаевтың жетекшілігімен «Ботаника» пәні бойынша оқу-далалық практикаға Биология білім беру бағдарламасының БГ-11, БГ-12 және БГ-13 топтарының білім алушылары қатысты.
Практика Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Жалпы биология және геномика» кафедрасы базасында өткізілді. Оқу-далалық практика барысында 1-курс студенттері «Ботаника» пәні бойынша өсімдіктер анатомиясы, морфологиясы және систематикасы бағыттарында дәрістер мен зертханалық сабақтарда алған теориялық білімдерін тереңдетіп, тәжірибелік тұрғыдан бекітті.
Практика барысында студенттер өсімдіктерді анықтау, олардың морфологиялық ерекшеліктерін зерттеу, гербарий материалдарын жинау және өңдеу, сондай-ақ табиғи ортада бақылау жұмыстарын жүргізу дағдыларын меңгерді. Нәтижесінде білім алушылардың ботаника саласындағы теориялық және практикалық дайындығы нығайып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындау қабілеттері артты.
Білім алушылар табиғи орта жағдайында өсімдіктердің түрлерін, тұқымдастарын және фитоценоздарын зерттеп, олардың қоршаған орта жағдайларына бейімделу ерекшеліктерін қарастырды. Сондай-ақ өсімдік ағзаларының қасиеттеріне байланысты олардың негізгі тіршілік формаларын, маусымдық өзгерістерін, көбею және таралу ерекшеліктерін анықтады. Өңір флорасын жан-жақты зерттеу 50-ден астам гербарий үлгілерін жинау және талдау арқылы жүзеге асырылды.
Оқу-далалық практика барысында студенттер алты адамнан тұратын топтарға бөлініп, қаланың әртүрлі саябақтарында зерттеу жұмыстарын жүргізді. Әрбір топ өсімдік жамылғысын зерттеу, гербарий материалдарын жинау және жергілікті флораны сипаттау бойынша қойылған тапсырмаларды өз бетінше орындады. Шағын топтарда жұмыс істеу студенттердің ынтымақтастық дағдыларын дамытуға, міндеттерді тиімді бөлуге және зерттеу мәселелерін бірлесе шешуге мүмкіндік берді.
Практика барысында студенттер өсімдік түрлерін анықтау әдістерін меңгеріп, далалық бақылаулар жүргізуді, деректерді жинау мен жүйелеуді, сондай-ақ қалалық ортаның табиғи жағдайларында зерттеу жұмыстарын орындауды үйренді. Практика ботаника пәні бойынша алған теориялық білімдерін бекітуге және өз бетінше ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу тәжірибесін қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Алынған білім мен тәжірибе студенттердің кәсіби құзыреттілігін арттырып, олардың болашақтағы ғылыми және кәсіби дамуына оң ықпал етеді деп сенеміз. Сонымен қатар, бұл тәжірибе ботаника ғылымының дамуына өз үлесін қосатын білікті мамандарды даярлауға негіз болады.
