
6B05209 – География білім беру бағдарламасының білім алушылары «Қазгидромет» жұмысымен танысты

2026 жылғы 26 мамырда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Физикалық және экономикалық география кафедрасының 6B05209 – География білім беру бағдарламасының 3-курс білім алушылары практика жетекшісі Оспанова Гүлнар Шаймерденқызының жетекшілігімен өндірістік практика аясында «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына барды.
Сапар барысында білім алушылар Қазақстанның ұлттық гидрометеорологиялық қызметінің негізгі жұмыс бағыттарымен танысты. Мамандар ауа райын бақылау, климаттық өзгерістерді талдау, гидрометеорологиялық мониторинг жүргізу және қоршаған ортаның жай-күйін бағалау жұмыстары туралы ақпарат берді.
Білім алушылар метеорологиялық деректерді жинау мен өңдеуде қолданылатын арнайы құрал-жабдықтарды, автоматтандырылған бақылау жүйелерін және заманауи технологияларды көрді. Сондай-ақ гидрометеорологиялық ақпараттың халық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі, табиғи құбылыстарды болжаудағы және қоршаған ортаны қорғаудағы маңызы түсіндірілді.
Өндірістік практика білім алушыларға климатология, метеорология, экологиялық мониторинг және табиғи қауіптер географиясы бағыттары бойынша теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік берді. Сапар соңында қатысушылар мамандарға сұрақтарын қойып, болашақ кәсіби қызметіне қатысты пайдалы мәлімет алды.
