
Студенттер Есіл өзенінің тасқын суларынан қорғау нысанында өндірістік практикадан өтті

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Физикалық және экономикалық география кафедрасының студенттері өндірістік практика аясында «Қазсушар» РМК Ақмола филиалына қарасты «Астана қаласын Есіл өзенінің тасқын суларынан су басудан қорғау дамбасы» учаскесіне барды.
Экскурсия барысында білім алушылар қорғаныс дамбасының, су қоймасының және тасқын суларын реттеу жүйесінің жұмысымен танысты. Учаске бастығы Жайлауов Алибек Комарович студенттерге гидротехникалық құрылыстардың жұмыс істеу қағидалары, су деңгейін бақылау тәсілдері және су басудың алдын алу шаралары туралы қысқаша дәріс өткізіп, нысан жұмысының негізгі бағыттарын түсіндірді.
Сонымен қатар қатысушылар нысанның сызбалық макетін, су өлшеу құрылғыларын және ықтимал тасқын қаупі кезінде халықты хабардар ету жүйесін көрді. Практика барысында гидротехникалық құрылыстардың техникалық жағдайын бақылау, шлюздердің жұмысын реттеу және су деңгейіне тұрақты мониторинг жүргізу мәселелері кеңінен түсіндірілді.
Өндірістік практика студенттердің гидрология, су ресурстарын басқару және табиғи қауіптер географиясы бағыттары бойынша теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік берді. Нысанға жасалған сапар гидротехникалық жүйелердің маңызын және олардың қала мен оған жақын аумақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлін тереңірек түсінуге ықпал етті.
