
ЕҰУ студенттеріне сүйек кемігі донорларының ұлттық регистрі туралы дәріс
2026 жылғы 18 ақпанда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан Республикасы сүйек кемігі донорларының ұлттық регистрі өкілдерінің дәрісі өтті. Аталған регистр ҚР ДСМ «Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы» ШЖҚ РМК базасында жұмыс істейді. Кездесу Жаратылыстану ғылымдары институтының «Жалпы биология және геномика», «Биотехнология және микробиология» кафедраларының В050 – «Биологиялық және сабақтас ғылымдар», М080 – «Биология», М082 – «Биотехнология» білім беру бағдарламалары топтарының білім алушыларына арналды. Іс-шара барысында білім алушыларға гемопоэздік дің жасушалары донорлығының маңызы, Ұлттық регистрге тіркелу тәртібі және әрбір әлеуетті донордың адам өмірін сақтап қалудағы рөлі туралы кеңінен түсіндірілді. Қатысушылар сүйек кемігінің не екендігі және оның адам ағзасындағы қызметі, кім донор бола алатыны, донорлықтың онкогематологиялық аурулары бар пациенттерге қалай көмектесетіні жөніндегі өзекті сұрақтарға жауап алды. Сонымен қатар жастар арасында әлеуметтік жауапкершілікті қалыптастыру және донорлық мәдениетін дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бүгінгі таңда трансплантациялау технологияларының дамуына және регистр базасының кеңеюіне қарамастан, үйлесімді туыстық емес донорларға деген қажеттілік жоғары деңгейде қалып отыр. Гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялауды қажет ететін пациенттер санының артуына байланысты әлеуетті донорлар қатарын көбейту Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау жүйесіндегі өзекті міндеттердің бірі болып табылады. Іс-шара жыл сайын өткізілетін «Өмір - қанның әр тамшысында» акциясы аясында ұйымдастырылып, білім алушылардың сүйек кемігі донорлығы туралы хабардарлығын арттыруға елеулі үлес қосты. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ҚР ДСМ «Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы» ШЖҚ РМК-на және «Әсел Байсейітова атындағы қайырымдылық қоры» қоғамдық қорына нәтижелі ынтымақтастығы және әлеуметтік маңызы зор дәріс өткізгені үшін алғыс білдіреді.
